Астана қаласы әкімдігінің № 71 “ Мөлдір” балабақшасы МКҚК

АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМА

Жоба қуаттылығы 240

Мекен-жайы Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Алматы ауданы, 23-31 көше, №39 үй, № 71 «Мөлдір» балабақшасы МКҚК

Мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы Анықтама 20.02.2013ж. БСН 130240022737

Балабақшаның Жарғысы заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу 20.02.2013ж. жүргізілді. Куәлік № 45502-1901-МК БСН 130240022737

Техникалық паспорт (Н-2) 07.11.2012ж. жасалған. Кадастрлық нөмірі 21:318:000:000:39

Медициналық іс-әрекет жұмысының мемлекеттік лицензиясы № 13008001 20.05.2013.ж.

Жалпы балалар саны: 330 бала

Топтар саны: 12 топ
-1- ІІ кіші топ - «Ақ бота»;
-3- ортаңғы топтар - «Күншуақ», «Қызғалдақ», «Достық»;
-4- ересектер тобы - «Жұлдызша», «Гүлдер», «Балбала», «Балауса» ;
-4- м.д. топтары - «Еркетай», «Ақ қоян», «Құлпынай», «Балбөбек»;

Балалардың жас ерекшелігі: 3 жастан 7 жасқа дейін

Педагогтардың сапалық қырамы

Тәрбиелеу және оқыту үрдісіне қолайлы жағдай туғызу туралы

Тәрбиелеу және оқыту жұмысын білікті педагогтар ұйымдастырады: Меңгеруші, әдіскер, инновация -әдіскері, педагог-психолог, музыка жетекшісі, дене шынықтыру нұсқаушысы, ағылшын тілі мұғалімі, дәрігер, медбике.

Педагог қызметкерлердің білім - біліктілігі:

Жалпы педагог саны – 25
Білімі жоғары деңгейдегі мамандар - 15
Білімі орта деңгейдегі мамандар - 10
Біліктілігі жоғары санатты: - 1
Біліктілігі бірінші санатты: - 3
Біліктілігі екінші санатты: - 1
Санатсыз – 21 (жас мамандар)

Педагогтардың жасы 19-дан 55-ке дейін.
Олардың ішінде 19-30 жас аралығында – 14 педагог
30-40 жасқа дейінгі – 5 педагог
40-55 жасқа дейінгі – 6 педагог

«Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, балабақшаның жарғысына сәйкес, 17.05.2013 ж. № 499 «Мектепке дейінгі білім берудің типтік Ережесі» және оның тиімді қызметі мен дамуына қажетті жағдайлар жасауға бағытталған.

Басқарудың коллегиялық мүшелері балабақша Кеңесі, педагогикалық кеңес және ата-аналар комитеті болып табылады.

Еңбек қатынасы ұжымдық келісім-шартқа сәйкес жүзеге асады.

Мекеме мемлекеттік тілде тәрбие береді

Балабақша жұмыс істейтін бағдарлама: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт;
«6-7 жастағы балаларды мектепалды дайындаудың білім беру бағдарламасы», «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары.

2013-2014 оқу жылында Астана қаласы Білім басқармасының 13.09.2013 жылғы №478 бұйрығы негізінде №71 «Мөлдір» балабақшасының мектепалды даярлау тобында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаңы ашылды


Тәжірибе алаңының жетекшісі: Қожанова Шынарай Ерденқызы - №71 “Мөлдір” балабақшасының әдіскері

Астана қаласы №71 “Мөлдір” балабақшасы “Қызғалдақ” мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: Омарова Эльвира Мейрамбекқызы

Астана қаласы №71 “Мөлдір” балабақшасы “Жұлдызша” мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: Сұрағанова Жанна Төлегенқызы





«МӨЛДІРДЕ» ӨТКЕН САЛИҚАЛЫ СЕМИНАР

Қазақ тілінің қасиетін балаға қай кезден бастап сіңірген жөн? Балабақшадағы бүлдіршіндер ана тілінде қаншалықты дұрыс сөйлейді? Тіл үндестігі мен заңдылығын тілі жаңа шығып, ойын енді-енді еркін жеткізіп жүрген сәби санасына қай кезден бастап сіңірген дұрыс? Тіл мамандары мен жанашырларының ғана емес, ұрпағының ертеңіне елеңдеген әр ата-ананы алаңдатқан осы сұрақтарға жақында елорда төрінде өткен шара кезінде жан-жақты жауап алдық.


Тілге тиек етіп отырған шара – биыл 12 сәуірде елордадағы №71 «Мөлдір» балабақшасында өткен қалалық семинар еді. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту, бүлдіршіндердің бойында байланыстырып сөйлеу дағдысын қалыптастыру, сондай-ақ, қазақ тілінің өзіне тән қадір-қасиетін, заңдылығы мен табиғатын сақтай отырып, оқытудың төл технологиясын жетілдіруді мақсат тұтқан семинар Астана қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Семинар тақырыбы – «Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы негізінде балалардың байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастыру», – деп аталады.


Шараға арнайы шақырылған қонақтардың алдыңғы қатарында Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Әлия Темірболат, «Астана дарыны» ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Нұржамал Сағырова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Бәдел, Алматы қаласы «Үміт» балалар үйінің әдіскері Қойсын Әлжанова болды. Сондай-ақ, семинар жұмысына елордадағы мектепке дейінгі мекеме меңгерушілері мен әдіскерлері, сонымен қатар Астана қаласы бойынша «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаң педагогтері қатысты.

Білім шарасына «Мөлдір» балабақшасы бүлдіршіндерінің қатысуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл балабақшада тәрбиеленіп келе жатқан балалар «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша білім алуды бірнеше жыл бұрын бастаған. Қазіргі таңда «Мөлдірдің» қос бірдей командасы қалалық, облыстық, республикалық білім бәйгелеріне қатысып, мектеп оқушыларымен тең деңгейде тартысқа түсіп жүр. Ал, балабақша меңгерушісі Айжамал Қазыбай – осы технологияны жетік меңгеріп, оны нақты істе сәтті қолданып қана қоймай, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген әдіскердің бірі.

Ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығы жөнінде семинардың ашылу салтанатында Айжамал Қожайханқызының өзі: «Бала біліміне балабақшадан бастап үлкен мән берген жөн. Ал, біз таңдап алған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы әр бүлдіршіннің ойын нақты, дәл әрі сауатты жеткізуінің алғашқы баспалдағы іспетті. Ана тілінің қарапайым ережесін қазірден бастап жанына түйіп, өзіне тән табиғатын танып өскен бала болашақта өзге тілдерді де еркін меңгере алады», – деп атап өтті.


Семинар кезінде балабақшаның үш тобы – «С дыбысы. Салт-дәстүр», «І дыбысы. Іні» және «О дыбысы. Отбасы» әр дыбыстың дыбысталуы, үндестігі мен дұрыс оқылуына қатысты білімдерін көрсетіп, халқымыздың ұлттық дәстүріне, сан ғасырдан бері құндылығы сақталып қалған отбасы тәрбиесіне қатысты тапсырмаларды нақты мысалдармен сауатты орындап шықты. Топ жетекшілері – мектепалды даярлау және ересектер тобының жетекшілері – Жанар Есжанова, Шынарай Қожанова мен Жанна Сұрағанова оқу іс-әрекеті кезінде осы технология арқылы дыбыстармен жаттыққан әр бүлдіршіннің тыңғылықты дайындығын дәлелдей білді. Әр дыбыстың орфоэпиялық нормаларын сақтай отырып, қазақша дұрыс айтылуына қазірден бастап мән беріп, саналарына сіңіре бастаған балалар «Тілтұмар» сайысы кезінде күнделікті жаттығу мен қайталаудың нәтижесіз қалмайтынын тағы бір айғақтап берді.


Дыбыстық додадан кейін балабақша тәрбиесіші Әлия Қамбарова «Әкем, анам, мен және туған тілім» атты интеллектуалдық марафон өткізді. Қызықты әрі тартысты өткен бұл сайыс кезінде де бүлдіршіндер білімдерімен қоса қабілет-қарымдарын сынап бақты.

Шараға бастан-аяқ қатысқан Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Әлия Темірболат балалардың тілін дамытуда ұлттық тәрбие мен озық технологияны қатар өрбіте білген балабақша тәрбиешілерінің тиянақты дайындығына ризашылдығын білдірді. «Тілі жаңадан шығып, сөйлеу дағдысы енді ғана қалыптасып келе жатқан балаға берілетін білімнің оңай ғана емес, оңтайлы болуы да өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы озықтығын көрсетіп отыр. Себебі, қазақ тілінің дұрыс дыбысталуын балаға ерте жастан үйреткен дұрыс. Әр дыбыстың айтылу, жазылу заңдылығын сақтап, бұл бағытта төл технологиямызды қалыптастырудың маңызы ерекше. Сондықтан да болашақта бұл оқыту тәсілінің берері мен жетістіктерін насихаттай келе, ұлттық мектеп қалыптастыру қажеттігін маңызды сұрақтар қатарына шығару керек», – деді ол.

Өз кезегінде технология авторы – ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті, ҚазҰПУ-дың филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының мүше корреспонденті Нұрша Оразахынова Алаш зиялылары негізін қалап кеткен қазақ тілін оқыту тәсілінің ұлттық тәлім-тәрбиемен тамырлас екенін атап өтті. «Балаға, әсіресе қалада өсіп келе жатқан балабақша балдырғандарына ана тілінің тұп-тұнық, мөлдір, еш нәрсемен бұзылмаған, былғанбаған табиғатын құлақтарына құйып, ауыздарына салып, әр сөздерін сайлап беруіміз қажет. Себебі, қазақ баласына ұлттық білім мен тәрбие берудің мәні зор, тағылымы өте тереңде жатыр. Жас ұрпақтың келешегі мен білім-білігіне жаны ауырған Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың мынандай бір тамаша ойы бар: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер». Ендеше, осы ауыр өнердің салмағы ертең тым қордаланып кетпес үшін ұлттық мектептің негізін қалап, келер ұрпаққа ана тілінің нәрін беруге бүгіннен бастап мән бергеніміз жөн», – деді.

Ал, «Мөлдір» балапандарының білімін ғана емес, өнерін паш еткен семинар соңы балалардың әдемі ән мен би кешіне ұласты.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ