The first time I met Dr. Nursha Orazakhynova was in secondary school in 1998. I was changing schools and my mother decided that a newly renamed boarding school for gifted children would be the best option.  At the time I didn’t have a particular interest in learning languages, but my point of view changed after I started attending Dr. Orazakhynova’s laboratory classes for Kazakh language. Despite the fact that I was mostly interested in mathematics and later physics Dr. Orazakhynova’s “Stepped Complex Analysis” technology got me interested in learning languages as well. Her technology turned ordinary Kazakh language lessons into well-organized and comprehensively structured master classes. Later on, along with other pupils, I started working on small projects and participated in various competitions with Dr. Orazakhynova acting as our mentor.

After changing to a different school I still continued participating in Dr. Orazakhynova’s projects. One of the things that kept attracting me along with other pupils to her work is that the lessons didn’t focus solely on studying in a classroom. During holidays we made trips to other regions promoting the methodology combining work with leisure. Since we spent a lot of time together, these activities created a sense of community with all the pupils from various schools and this kept us motivated throughout the learning process.

I believe this helped me to do better in other fields as well, because her teaching methods made me approach other subjects in a constructive way. Her work didn’t focus on Kazakh language only since the same methodology could be applied to various languages. It helped me to improve my language skills. That proved to be useful later on when I managed to win a scholarship to study in one of the universities in the UK.

Years later Dr. Orazakhynova is continuing her immense work and now her methodology is focused not only on Kazakh and other languages, but other subjects too, such as mathematics or geography. I believe any student studying by her methods will enjoy the learning process even more and will get in-depth and extensive knowledge, understanding and skills in their chosen discipline. 

 Margulan Narbek


АПАЙҒА АЙТАР АЛҒЫСЫМ МОЛ

 

Нұрша апайдың (неге екені Нұрша Алжанбайқызы деген ресмиліктен «апай» сөзі жаныма жақын) мына бір сөзі әлі күнге есімнен кетпейді. «Сендердің жылтырап жүргендерің ертең түкке де тұрмайды. Сендер білімді, сауатты болмайынша болашақ та бұлыңғыр. Осында отырған отызыңның ең құрығанда бесеуіңе барымды, білгенімді, білімімді бере алсам, еңбегімнің далаға кетпегені. Ертең сол бесеуің осы технология арқылы қазақ тілін өзге онға, оның жиырмасына сауатты үйретері сөзсіз. Қазақ тілінің қадірін, қасиеті мен құнын түсінбегеннен сауатты, көзі ашық адам шығады деп ойламаймын. Себебі, ана тіліңде сауатты сөйлеп, жаза алмаған адам алға жылжымайды. Ешқашан да».

Мен ол кезде 10-сыныпта оқитынмын. Ауылда 9-сыныптың куәлігін кілең беске толтырып келген мен үшін «ең оңай сабақ» қазақ тілінен сүріну, сүрінгенде де оңбай құлау – өліммен тең болатын. Ең алғаш Нұрша апайдың сабағынан 3 алғаным, тақта алдында тұрып намыстан жарылардай болып жылағаным да жадымда. Сол кезде апай: «Сендердің көздеріңнен жас емес, қан ағызу керек. Қазақ тілін білмей, өзге пәннен озғаныңның құны бес тиын. Сендердің көздерің ашық, көкіректерің ояу болмаса, тілің мен әдебиетіңді білмесең, қолыңдағы қызыл куәлігіңнің керегі қанша?!», – деген еді. Бұл «қатал» сөздердің жасты жасытайын деп емес, намысын жанып, қайрайын, алға ұмтылдырып, білуге, үйренуге сүйрейін деген ниеттен туғанын біз кейін ұқтық. Нұрша апайымыз ашық сабақтарды өте көп өткізетін еді. Оның себебін кейін түсіндік. Ол бізді көпшіліктің алдында ойымызды ашық айтып үйренуге, жан-жақты ізденіп оқуға, ой ұшқырлығына баулу, өзгелерден оқ бой озық тұруымызды көздеген екен. Ондай сабақтарымызға еліміздің танымал ғалымдары, сол кездегі Алматы облысының Білім басқармасын басқарған Шәмші Беркінбаева апайымыз жиі қатысушы еді. Ондай сабақтарға біздер өз беттерімізше дайындалып, бастан аяқ өзіміз сөйлейтінбіз. Апай тек бағыт беруші ғана болып тұратын. Сондай сабақтарымыздың біріне қазақтың біртуар, ұлжанды ғалымы, сол кезде Ы.Алтынсарин атындағы Академияның президенті Ақселеу Сейдімбек ағамыздың қатысқаны бар. Біз өз қиялымыздан «Саяхат» сабағын өткіздік. Мен шет елде тұратын қазақ қызымын, мамандығым – журналист. Ал сыныптасым Ботагөз – оқушы. Сонымен сабағымызда тоғыз сөз табын тоғыз ауыл етіп картаға орналастырып, сол бойынша саяхат жасадық. Сол күнгі сабақтан қонақтардың да, өзіміздің де алған әсеріміз өте ерекше болды. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, Ақселеу ағайдың сол күнгі сабақтағы айтқан мына бір сөзі әлі күнге көкейімнен кетпейді: «Мен әдебиетшімін ғой. Қазақ тілінен сіздер қандай сұрақтар қойып қалар екен деп, бір апта кітапханада отырып, қазақ тілін қайталап шықтым», – деп еді. Қандай қарапайымдылық, қандай ұлылық десеңізші! Ұстазымыз мұндай сабақтар арқылы бізге тамаша тәрбие, тағлым берген екен. Сол арқылы біздің өмірден дұрыс жол тауып, жүрегімізбен қалаған мамандығымызға ие болуымызға  жол сілтеген екен ғой.

Мен мектепте оқып жүріп, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға, түрлі ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, жүлделі орындардан көріне бастағанда Нұрша апайдың «қаталдығына» алғыс айттық. Білім-біліктілігіне, ұстаз ретінде жанашырлығы мен адалдығына білдірер ризашылығым мол. Себебі, ол кісінің қаталдығымен қатар жүрер қарапайымдылығы, талапшылдығынан туған тілектестігі маған қатты әсер етті. Мен содан өз үлесімді алдым, көпке болмас да өз ортамда танылдым. Ол кісіге өзімше еліктеуші едім...

1998-1999 жылдары Алматы қаласындағы Дарынды балалар мектеп-интернатында қазақ тілін Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша оқыдық. Ол кезде бұл жоба осылай аталып, талдау жұмыстары тек қазақ тілі пәнінен басталды. Қазір бұл технологияны басқа пәндерге де қолданып жүр. Сатылай талдау бізге сауатты жазуды ғана емес, сөйлеуді де үйретті. Бір қарағанда, жаттанды болып көрінетін ереже-талаптарды орынды қолдану, сөздерді талдау кезінде ойыңды шашыратпай жүйелі жеткізу, бос сөзбен ойыңды былықтырмай мәдениетті сөйлеу – міне, бұл жобаның басты жетістігі осында.

Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, магистрант атанып, қызметке тұрғанда да маған үлкен көмек болған, сенім берген де осы екі жылда Нұрша апайдан алған білімім еді. Студент кезімізде апай мектептегі сабақтарына шақырып, бізден кейінгі оқытып отырған шәкірттерінің қазақ тілін қалай меңгеріп жатқандығын көрсетіп отырушы еді. Сондай сабақтардың бірінде мен оқушыларға: «Мен сіздерге қызыға да қызғана қарап отырмын. Себебі, апай дыбыстарға математикалық тәсілмен мінездеме беру; оларды символдармен, белгісіздікпен өрнектеу деген талдаудың түрлерін үйретпеп еді», – деп едім. Сонда апай: «Талдаудың бұл жүйесі Сіздер мектепті бітіріп кеткеннен кейін ғана жүйеленіп, оқу үрдісіне еніп отыр. Бұл технологияның жасалуы бір күндік, бір айлық немесе бір жылдық еңбекпен келмейтіндігінен болу керек», – деп, ойлы жүзбен жауап беріп еді. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша сіңірген білім-біліктілігімнің жемісі мен жетістігін әлі де көріп келемін. Бұл үшін әрине, ұстазыма айтар алғысым шексіз. Табандылығыңыз, төзіміңіз, «осылар білсе екен, жерде қалмай, биіктен көрінсін» деген таза ниетіңіз бен ақ пейіліңіз үшін рахмет Сізге!

Қасиетті қазақ тілінің қыр-сырын танытып, құндылығын құлаққа құйып, қадірін жете түсіндіре білген Сізге қарыздар шәкірттердің бірі ретінде лебізімді осылай білдірдім, Апай.

Бану ӘДІЛЖАНОВА,

«Сақшы» газетінің редакторы

 


ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

 

Әр ұлттың ғасырлық болмысын, ұлттық бейнесін танытатын киелі қазынасы – ұлт тілі. Бұл бүгінгі қазақ ұлтының басындағы, қазақ қоғамындағы, тіпті әр қазақ отбасындағы күрделі мәселе. Бет-бейнесі қазақ болып дүниеге келгенмен, тілі күрмеліп тұрса, не сөйлей алмаса, ол тұлға тіл тірегі бола алмас. Қазіргі күні қазақ жанұясының бір мүшесі болса да, екі сөздің басын құрап, өз ойын жеткізе алмайтын, «жүрек сөзін жарқыратып  сөзбен тізе алмайтын» жастар немесе «қазақ ортасы» қалыптасып келе жатыр. Бұл бүгінгі қоғамның шынайы бейнесі болса, 20-30 жылдан кейінгі қазақ тілінің бұлдыр болашағын болжамақ. Аталған жайттарды жолға қоюдың жалғыз жолы  ұлттық тіліміз, ана тіліміз – қазақ тілін жастардың «жетесіне жеткізе» оқыту болып табылады.

Менің аяулы ұстазым Нұрша Алжанбайқызының «Қазақ тілін кешенді оқыту» әдістемесі осындай мақсаттан туған жоба болатын. Алматы қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің 1995-1998 жылдары шәкірті болған менің көз алдымда «Кешенді талдау технологиясының» бастауы ашылып, негізі қаланды. Жүрегі қазақ баласының таза да тұщымды, өткір де шешен сөйлеуі үшін соққан апай осы жолға жанын да арнады. Қанша қазақша сөйлегенмен, тілдік нормаларды меңгерту, «қиыннан қиыстырып» сөз саптауға жетелеу қажырлылық пен табандылықты талап ететіні сөзсіз. «Қазақ тілі – жаттығулар жазу ғой» деген сияқты қасаң пікірлер мен  соқпақты жолдардан «кешіп өтіп», «Сатылай кешенді талдаудың» «Сатылай кешенді оқыту деңгейіне» көтерілуі айтылған ойымның дәлелі.

Қазіргі қазақ тілін оқытудың бірегей технологиясына айналған «Сатылай кешенді оқыту» моделі тек бірлі-жарым мектептерде эксперименттік әдіс ретінде қолданылмай, бүкіл Қазақстандық ауқымда оқытылса, қазақ жасының тілдік танымын биіктететін, интеллектуалдық деңгейін қалыптастыратын, соның ішінде ең алдымен, ұлттық рухын жанитын ҰЛТТЫҚ ӘДІСКЕ айналар еді. Өйткені, бұл технология –  тек тілдік материалдарды талдаудан ғана тұрмай, жан-жақты білім алуға негіз болады. Ендеше, өткен шаққа сәл шегініп, өзім куәсі болған ұлағатты сабақтардың, салиқалы сәттердің біріне қысқаша талдау жасап көрейін. Сабақ сәті. Екі-үш топқа бөлінген оқушылар, апайдың бағыт сілтеуімен оқушылардың қызыға жасаған түрлі көрнекіліктері. Кіріспе ретінде апайдың сабақ бастауы. Сондан кейінгі тоқсан минут біздің меншігімізде болып тақтаға шығып, кезек-кезек белгілі бір сөз табын «шемішкеше шағып» жарыса талдауы әлі күнге санамызда сайрап тұр. Талдауға алынған әр сөздің мағынасын тереңнен қозған, мағынасын ашып, оған қатысты мақал-мәтелдерді, түрлі фразеологизмдерді, шешендік сөздерді жатқа айтуы, тіркестердің мағынасын өз сөздерімен баяндауы, алма-кезек сұрақтардың қойылуы және т.б. Бұл – біз өткізген сабақтардың тек бір түрі ғана. Мұндай мағыналы сабақтардың әрқайсысы тек менің ғана емес, менің достарымның және апайдың алдын көрген мыңдаған шәкірттердің жадында жақсы естелікке айналды, әрі сол шәкірттер бүгінгі күнгі өмірлерінде сол білімдерін сәтті қолданып жүр десем артық айтқандық болмас. Біз аталған сабақта білім алу арқылы ойымызды әдемі жеткізе білуді, көпшілік арасында дұрыс қарым-қатынас жасауды және ең алдымен, қазақ деген қасиетті халықтың бай тілінің «тұнбасынан қанып ішіп», қажет кезінде «сөз саптауды» үйрендік, қазақ тілі жай пән емес, тамырын тереңге жайған, неше мың сөздік қоры бар, көркемдігі құлақ құрышын қандыратын  қазыналы тіл екенін ұғындық...

Иә, жылдардан жыл өткенде АПАЙ негізін салып, бүгінгі күні ауқымын кеңейте түскен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының болашағы да кемелді болатынына сенімім кәміл. Себебі, аталған технология тек қазақ тілі пәнін оқыту аясында ғана қалып қойған жоқ, ағылшын тілі, математика, әдебиеттану, физика, география, т.б. сияқты жалпы білім беретін негізгі пәндерді оқытуға болатыны туралы түрлі сараптамалар мен тәжірибелер жүргізу арқылы дәлелденді. Әрі «Мектеп жүрегі» аталатын мұғалімдер мен ертеңгі қазақ болашағы оқышылардың, сонымен қатар ата-аналардың тарапынан кең қолдауға ие болды. Ұстазымыздың ерінбей-жалықпай төгілген терімен Қазақстанның бірнеше қалалары мен аудандарында, ауылдық мектептерінде ашық сабақтар, шеберлік сыныптары өткізілді.  Барлығының жемісі – бүгінгі «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. Қазақстанда жүргізіліп жатқан, жаһандану дәуіріндегі ұлтымыздың тілін сақтап қалу үшін жүргізілуі қажет – бірегей технология.

Сапалы білімді ұлттық тәрбие арқылы бойына сіңірген ұрпақ қана өз елін жанымен де, жүрегімен де қорғайды деген қасиетті қағиданы берік ұстанып, осы жолға қажыры мен мен қайратын арнап келе жатқан Нұрша апайға еңбегіңіз жана берсін дегім келеді. Ұлттық төл технологияның дамуы алға қарыштай берсін! Қазақ еліндегі әр қазақ баласы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен білім алу мәртебесіне ие болсын!

 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Айнұр Жақыпәліқызы

 


 БІЛІМ НҰРЫН ШАША БЕРГІН, НҰРША АПАЙ!

Біз өзіміздің аяулы ұстазымыз Оразақынова Нұрша Алжанбайқызымен ең алғаш рет 1994 жылы таныстық. Алматы облысының түкпір-түкпірінен жиналған өзім сияқты ауылдың бір топ қара домалағы сол жылы емтихан тапсырып, Алматы қаласындағы №1 қазақ-түрік лицейіне түскенбіз. Түсінікті болу үшін айта кетейін, ол білім ошағы Байзақов пен Ғабдуллин көшесінің қиылысында орналасқан бұрынғы №9 мектеп-интернат. Ауылдан 9-ды бітіріп келіп, 10-класқа енді өткен кезіміз. Энергетиктер мен медицина класында бала көп. Ал, филология класында айналдырған 10-ақ оқушымыз. Қазақ тілін «тақтаға бір сөйлемді жазып, соның ішінен сөйлем мүшелерін табу деп қана түсінетіндігімізде» еш шаруамыз жоқ... Өзімізді ылдиға салса, төске озатын мықты оқушыдай сезінетінімізді қайтерсіз. Өйткені, ауылдан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алып келгеніміз кілең «5-тік» баға болатын. Оның үстіне қазақ-түрік лицейінің оқушысы атанғанымызға масайрап, кәдімгідей қуанып жүрген кез еді ғой бұл.

Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады... Осы мектеп қабырғасында өткен алғашқы сабақтардан кейін-ақ мысымыз басылып, желі шыққан доптай болдық та қалдық. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары Мереке Жаманов ағамыз бен Нұрша Оразақынова апайымызды ең алғаш рет сол мектептен көрдік.

Күніне екі сағат қазақ тілі, екі сағат қазақ әдебиеті. Қалған 4 сағат өзге пәндерге бөлінген. Нұрша апайдың сабағы арқылы қазақ тілінің біз ойлағандай оп-оңай еместігіне, оның түрлі амалдарға негізделген жоғары математика сияқты күрделі пән екеніне көз жеткіздік. Әрине, бастапқыда сөйлемді комплексті талдау технологиясын меңгеру ауылдан келген біздерге өте қиын тиді. Содан соң берген сөйлемін дұрыс талдай алмағанымыз үшін «3» ала бастадық. Ол аз болғандай, Мереке ағайымыз күнде шығарма жазғызады. Одан қала берді сабаққа Абай мен Мағжан бастаған ұлы ақындарымыздың бір-бір өлеңін жаттап келіп, жатқа айтып беруің керек. Содан несін айтып бастарыңызды қатырайын, екі оттың ортасында қалғандай күйге түскен біздердің сол кезде миымыз әбден ашығаны рас еді. Сабақтың қиын болғаны соншалық, бастан өткен, көзіммен көріп, өзім куә болған бір жайтты айта кетейін осы арада. Еш боямасыз, өмірден алынған оқиға ғой, оған апайымыз ренжи қоймас деп ойлаймын.

Класта Ақмарал есімді шолжаңдап ерке өскен, түрі де, жасаған қылықтары да ұлдан еш айнымайтын бір қыз бар еді. Сол бір күні Нұрша апайдың сабағы басталарда партада отырып алып, ішінен күбір-күбір етіп әлденені айтып жатқандай болды.

-Ей, неғып отырсың?-деген сауалымызға:

-А, құдай, бүгін қазақ тілі болмай қалса екен! Оуу, құдай-ай, Нұрша апайды жолда трамвай басып кетсе екен!- дееп тілеп отырмын деп қарқ-қарқ күліп, қарап тұр сабазың.

-Ой, жынды Ақмарал-ай, шығармайтының жоқ, есің дұрыс емес осы сенің!-деп бәріміз күліп жатырмыз. Сәлден соң есік ашылып, Нұрша апай кіріп келді класқа. Ақмаралдың айтқаны есімізге түсіп кетіп, бір-бірімізге жымың-жымың еткенімізбен, жым бола қоямыз. Себебі, ол кісі өте қатал болатын. Тығылып қалар, бұғып қалар жер жоқ. Айналдырған он оқушыға екі сағаттың ішінде кезек бір келеді бәрібір. Тағы да сөйлем талдау. Тіпті, қазақ тілі мен әдебиетінен бірінші тоқсанда «3-пен» шыққанымызды естігенде үйдегілердің көзі атыздай болды. Кейбір оқушылар екінші тоқсан аяқталған соң ауылға кетті де, содан қайтып келмей қойды. Өздері де, ата-аналары да лицейдегі өзіміз сияқты «троечник» балаларының сабақты ауылда жалғастырып, оқу озаты болғанын құп көрді-ау деймін.

Осылайша барар жер, басар тауы жоқ, көнбіс қаралар Нұрша апайдан білім алуды ары қарай жалғастыра бердік. Сөйтіп жүріп, төселдік сөйлем талдауға да. «4» деген баға ала бастадық. Жақсы баға алғандарды қолын қысып, құттықтап қоюды да ұмытпаймыз. Анар Мүтәліпова, Ғайни Әбнасырова сияқты алғыр оқушылардың «4-і» кейіннен «5-ке» айналды. Нұрша апайымыз да (анау айтқандай деп жатушы еді ғой) Ақмарал айтқандай жан алғыш Әзірейіл емес екен.

Бір өкініштісі, Мереке Жаманов ағамыз үшінші тоқсан басталарда ұзақ жылдарға созылған науқастың салдарынан бақилық болды. Біз қысқы демалыста жүргенде ауруханаға түсіп, көз жұмған екен. Ұстазымыздың жатқан жері жарық болсын! Жаны жәннатта шалқысын! Қолдан келер қайран жоқ, басқа не дейміз?!

Мереке ағайдың орнын кейін өзінің төл шәкірттерінің бірі Бақытнұр Әділов ағамыз басты. Ол кісі бізге қазақ әдебиетінен 1,5 жыл сабақ берді. Міне, осындай ұлағатты ұстаздардың алдын көргеніміздің арқасында кластағы 10 баланың 8-і өз күшімізбен КазГУ-ге түсіп, аталған жоғары оқу орнын бітіріп шықтық.

Қазақ-түрік лицейінде алған білім бізге Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық универсиетінінде 4 жыл азық болды. Қыздар жағы сабақтан көп қалмайды ғой. Шынымды айтайын, мен курстас жігіттермен бірге сабаққа дұрыс қатыса алмадым енді...

Бір күні мынандай қызық болды. Сессия уақыты. Профессор Айтбай Айғабыловтың алдында отырмыз. Ағайымыз лекциясы мен семинарынан күнде көріп жүрген студенттерге әзіл-қалжыңын араластыра әңгімесін айтып, тиісті бағаларын қойып жатты. Сәлден соң -Ал, енді біздің анауу данышпандар ренжімесін, өз обалдары өздеріне, сабаққа келмеген өздерінен көрсін, мен бұларға зачет қоймаймын,-деп сұқ саусағымен артқы партада отырған біздерді нұсқады. -Ағай, Ардақ жақсы оқиды, сенбесеңіз бір сөйлем беріп, талдатып көріңізші,-деп старостамыз әрі кластасым Анар Мүтәліпова сөзге араласты. -Ал, көрейік мұның қайдан шыққан данышпан екенін,-деп ағайымыз мені тақтаға шақырды. Берген сөйлемін жазып, -айтылу мақсатына қарай хабарлы сөйлем, құрамына қарай жай сөйлем, жай сөйлемнің ішінде жайылма сөйлем. Баяндауыш, бастауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш; қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу деп Нұрша апайымыз үйреткендей талдай бастадым. Берген сөйлемін 4-5 минуттың ішінде талдап, борды орнына қойдым.  

-Әй, бала, сен қай жақтансың?-деді профессор.

-Нарынқолданмын, ағай.

-Мектепті Нарынқолда бітірдің бе?

-Жоқ, Алматыдағы №1 қазақ-түрік лицейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын класын бітірдім.

-Ааа, дұрыс, дұрыс.  Онда қазақ тілінен кім сабақ берді сендерге?

-АГУ-дың оқытушысы Нұрша Оразақынова апайымыз сабақ берді, ағай.

-Ай, жарадың-ей, данышпаным! Әкел зачеткаңды,-деп баға тұратын жерге «жақсы» деген сөзді жазды да, қолын қойып, өзіме ұстатты. Қуанып, орныма бара жатыр едім, Анар жымың-жымың етіп, бір көзін қысып қалды. Мен де оның жанынан сыбырлап рахметімді айтып өте шықтым.

-Әй, бар болыңдар, бар болғырлар, бүгін көңіл-күйім өте жақсы болып тұр, әкеліңдер зачеткаларыңды, сендерге де қойып берейін деп жанымдағы жігіттерге -қанағат қарын тойдырады- деген бар деп бағаларын қойып берді. 

Жоғарыда Нұрша апай берген білім КазГУ-де 4 жыл азық болды дедім ғой. Әлі күнге дейін соның қызығын көріп келе жатырмыз. Нұрша Алжанбайқызының алдынан талай ақын-жазушы, журналист және ұстазымыздың ізін қуып, ғылым жолына түскен көптеген филолог түлеп ұшты.

Ол кісі «Нұрлы білім» сайтын ашып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерге «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын енгізу бағытында үлкен іс тындырып жатыр екен. Сайт жақсы жасалыпты, маған ұнады. Сізге барлық кластастарымыздың атынан үлкен алғыс айтқым келеді. Еңбегіңіз жана берсін! Жұмысыңыз жемісті болсын! Алдағы уақытта да келер ұрпаққа білім нұрын шаша беріңіз, Нұрша апай!!!              

    Ізгі тілекпен «Хабар» агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы