Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Ә.Шәріпов атындағы №16 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шиналиев Нұрмахан Азаматұлы
«Сатылау кешенді оқыту» – оқушының ойлау көкжиегін кеңейтетін технология

Білім кеңістігінде оқу үдерісі оңтайлы әрі мақсатқа жетудің тиімді жолдарына ерекше назар аударады. Қайсыбір пән болмасын бүгінде заманауи талаптарға сай оқыту жүйесін басшылыққа алады. Соның ішінде қазақ тілін оқыту әдістемесі өз жемісін беруде.

Атамекеннің қасиетті қара топырағы мен ананың ақ сүті арқылы берілетін ана тіліміздің мәртебесін асқақтата, терең иірімді құндылықтарын меңгерте оқыту – бүгінгінің басты мақсаты. Бұл мақсат жолында Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Нұрша Оразақынова Алжамбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы жетекші рөл атқаратындығын атауымызға болады. Алаш зиялыларының идеясын алға тартқан төл технологияның негізгі ерекшеліктері, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы құндылығы, технологияның сабақ үдерісінде оқушы мен оқытушының іс-әрекетіне орнатқан сабақтастығы – мақаламыздың негізгі арқауы болып отыр.

Бүгінде оқыту жүйесі толығып, жетілу үстінде. Креативті мұғалімнен креативті оқу үдерісін жүргізуді талап ететін білім мазмұны қарым-қатынас негізінде тілдік дағдылардың (айтылым, оқылым, тыңдалым, жазылым) қажетті деңгейде қолданыста болуын қажет етеді. Креативті оқыту үдерісі оқушыны «субьект» тұрғысында танып, тұлғалық, шығармашылық жағына баса назар аударады. Оқушы дайын ақпаратқа қол жеткізіп, ойлаудың төменгі дәрежесінде қалып қоймасқа керек. Себебі, мұғалімнің тоқтаусыз сөйлеуі миға шамадан тыс ақпарат жүктемелеп, ойлау жүйесіне кері әсерін тигізіп, оқудың нәжижелілігін төмендетуге алып келеді. Сондықтан мұғалім – бағыттаушы, бағыт-бағдар беруші ретінде оқушыны іздендіре түсуі қажет. Яғни, белгілі бір жүйемен білім мен дағдыны қалыптастыра отырып, тереңін зерделей түсуге бағыттап оқыту. Осындай оқытудың белгілерін сақтай отырып, оқушының қажеттілілігін қанағаттандыруда сатылай кешенді оқытудың маңызы зор. ««Сатылай кешенді оқыту» технологиясы тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жалпы тұлғалық дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету басқа да танымдық психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі» [1]. Бүгінгі таңдағы оқу үдерісінің негізгі мақсатын назарда ұстай отырып, автордың анықтамасына үңілетін болсақ, «баланың жалпы тұлғалық,...танымдық-психологиялық дамуына бағытталған оқытудың түрі» дегеніне тәжірибе барысындағы оқу нәтижелері себепші бола алатындығын айтуымызға болады.

    Бұл технологияның ерекше тұстарын атар болсақ:
  • Білім мазмұнының белгілі бір жүйемен, бірізділікпен іске асуы. Яғни, сатылы, ретпен шеберлік пен дағдыны қалыптастыру. Бұл кешегі мен бүгінгі жаңа материалды сабақтастыра отырып жүргізетін оқу технологиясының негізгі қасиеті.
  • Жоғары қиындықта оқыту. Бұл білім стандартының жүзеге асыру жолында жоғарғы деңгейдегі қағида болып табылмақшы. Бұл оқушының «қиынды» білуге деген ішкі уәжін оятуға түркі болады. Алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ж.Аймауытовтың сөзіне сүйенетін болсақ: «Белгілі бір нәрсеге ынталанған адам һәман дамыл алмай сол бағытта білімін ұлғайтуға талпынады. Талпынудың себебі ынтаны тартқан нәрсені толығырақ қаусырып, тереңірек зерттесем деген тілектен туады» [2, 52б].
  • Оқушы бойындағы ең негізгі алып күш – ынта. Ынта – оқу үдерісін құлшына жүргізуге себепші болатын, меңгерген материалды салыстырып-салғастыра білуге жол ашатын, тереңін зерделей түсуге ұмтылыс жасаған ізденімпаздық қасиеттің бастауы болып табылады. Демек, оқушы тапсырманы шешуде өзінің бойындағы білгенін жеткіліксіз деңгейде екенін түсінуі қажет. Ал мұндай үрдісті жүргізу мұғалімнен үлкен талап пен жауапкершілікті қажет етеді. Бұлай деуімізге сабақ кезінде байқағанымыз негіз бола алады. Мен бұл технологияны сабақ барысында мынадай жүйеде қолданамын.

Ең алғаш талдаудың үлгісін ұсынғанда (фонетикалық, морфологиялық бірліктерді талдау) ауызша өте жылдамдықпен өзім талдап көрсетемін. Ол үшін мұғалім сабаққа дайындалғанда талдау нұсқасын қайта-қайта дауыстап оқып, жаттығып, талдауды ойында жаңғыртатындай жағдайда болуы керек. Бұл көріністі көрген оқушыларда екі түрлі көзқарас қалыптасты. Бірі – қызығушылық танытып, талдауды үйренуге ниеттенетін болса, екіншісі – мен бұлай талдай алмаймын, мұндай талдау дәрежесіне жете алмаймын деген көзқарас. Осы ретте екінші көзқарастағы оқушы мұғалімнің ерекше ықпалын қажет етеді. Яғни, оқушының сенімділігін арттыру, мадақтау, ішкі уәжін ояту. Арнайы бағытта тереңдетіліп оқытатын мектептерде оқушылардың білім дәрежесі жоғары деңгейде болатындығы қисынды. Ал жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың деңгейі әртүрлі. Сондықтан екінші көзқарастағы оқушымен жекелей немесе жұптасқан жұмыс түрлерін жасау керек екендігін түсіндім. Деңгейі төмен оқушы теориялық білімнің жеткілікті деңгейде болмағандығынан ақсайды. Теориялық материал дағды бойынша қалыптасқанда оқушының ойлау жүйесінде берік сақталады. Үлгерімі жақсы оқушылар талдау нұсқасын көрген бойда жүйелілік, бірізділік қағидасының арқасында өз білімдерін тәжірибеде қолдана білді. Талдау ғалым-әдіскердің ғылыми негізде ұсынып, практикада кеңінен қолданыс тапқан он деңгейінің бірінші деңгейі бойынша толығымен жазылым әрекетімен іске асады. Бұл деңгей автордың пайымдауынша мұғалімнен ерекше жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етумен қатар, оқушының сауатты жазып, орфоэпиялық нормаға сай сауатты айту дағдысын қалыптастырады. Бұл деңгей келесі тоғыз деңгейдің негізі болумен қатар оқушының функционалдық сауаттылығын жоғары деңгейде қалыптастырады. Сондықтан жекелей көмек көрсетуді қажет ететін оқушылар мұғалімнің көмегінен кейін бірте-бірте бірінші көзқарастағы оқушылар қатарына қосылғандығын байқадым.

Талдаудың екінші деңгейінде тілдік бірліктерді қысқаша жазылым бойынша, ал үшінші деңгейде тілдік бірліктерді ықшамдау ұстанымы орын алғанда жекелей көмек көрсетуді қажет еткен оқушыларды машықтандыру, жаттықтырып, дағдыландыра түсу қажет екендігі байқалды. Бұлай дейтін себебіміз, айтылым бойынша ауызша толық сатылай талдағанда жаңылысу, мүдіру сияқты кедергілер орын алды. Бұл кедергілерді жоюда оқушыларға жоғарыда аталған педагогикалық іс-әрекеттермен қолдау көрсеттім. Ал төртінші деңгейде тілдік бірліктерді жазылым бойынша рәміздер арқылы ықшамдауға кезек берілгенде оқушыларда айтарлықтай қиындық байқалмады. Себебі, теориялық ұғым дағды арқылы берілсе оқушының ойлауы, таным тұрғысындағы құзыреттілігі артта түсіп, оқу мақсатына тікелей әсер етіп, нәтиженің жемісті болатындығын дәлелдей түсті. Үлгерімі төмен оқушының деңгейі үшінші немесе төртінші деңгейге жеткенде мұғалім бағыттаушы, бағыт-бағдар беруші ретінде жұмысын жалғастыра бермек. Ғалым өз зерттеуінде оқушыларды жақсы немесе нашар оқыйтын деп жікке бөлмейді. Тілдік бірліктерді сауатты, жылдам меңгерулеріне қарай өте жылдам, жылдам, баяу талдайтын оқушылар деп қарастырады. Көбірек еңбектенудің нәтижесінде оқушылар бір деңгейден екінші деңгейге сауатты түрде өтіп отырады.

Сондай-ақ, ғалым өзі құрастырған оқу кешендерінді оқушының жас, дара ерекшеліктерін ескере отырып, олардың танымдық көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды бойларында дарыту мақсатында жаттығулар мен тапсырмаларды да үйлестіріп береді. Сондықтан да «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының басты құндылығы – оқушының ішкі уәжіне түрткі болатын, білім мен дағдыны қалыптастыруда оның ойлау көкжиегін кеңейтетін оқыту деп тұжырымдаймын. Бұл менің тәжірибемде орын алған құбылыс. Осы орайда әрбір мұғалім жоғарыда көрсетілген ұлт ұстазының сөзін есінен шығармағаны абзал.

Атап өткеніміздей, бұл технология бойынша сабақ үрдісін жүргізетін мұғалім теориялық әрі жан-жақты біліммен қарулана отырып, оқушы жіберген қатені дер кезінде түзетіп отыруы қажет. Себебі, алғаш рет оқушы берілетін ақпаратты мейлінше қалтқысыз, сол күйінде жадында сақтауға тырысады. Осы орайда ағартушы, ұлт ұстазы М.Дулатовтың сөзіне жүгінсек: «Кейде нәрсенің уақ-түйек мағлұматтарын түсіндіру білімді толықтыру үшін ғана керек болады. Кейде уақ-түйектерді түсіндірмесе, бүтін мағлұмат ұғымды болмайды» [3, 61б]. Бұлай дейтін себебіміз, тәжірибе барысында ескерілмей кеткен қателіктер кейіннен оқушының жаңа тақырыпты игеруіне кедергі келтіруі мүмкін.

Ұлт ұстазының сөзімен қорытындылап айтар болсақ: «Жас балаларды оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек? Балалар оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлауына, оқып шыққаннан кейін жадында ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға әдеттендіру керек» [3,14б]. Осы қағидалардың ізімен тұғырлы тіліміздің өркендеуіне айрықша ықпал ете оқытатын «Сатылай кешенді оқыту» төл технологияның ауқымы білім кеңістігінде арта бермек.

    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
  • Оразахынова Н.А., Түркі әлемі «Сатылай кешенді талдау – қазақ елінің төл технологиясы» №1 (84) 2008ж
  • Ж.Аймауытов. «Алты томдық шығармалар жинағы» 4 т. Алматы, «Ел-шежіре», 2013ж
  • М.Дулатов «Алты томдық шығармалар жинағы» 3 т. «Мектеп», Алматы, 2013ж


Құрметті Нұрша Алжанбайқызы! Мен Семей қаласынан хабарласып тұрмын. Сіздің технологияңызбен сырттай таныспын. Былтырғы оқу жылынан бастап қазақ тілі және әдебиет сабақтарында талдауды кеңінен қолдана бастадым. Жанымызға тән ұлттық құндылықтарға ден қоюы мені қызықтырады. Бірақ сабақтарды ары қарай дамытуыма ақпараттың аздығы қолбайлау болып отыр. Оқушыларды бағалауға байланысты көп қырларын түсінбей жатырмын. Ғаламтордағы мәліметтер аздық етті. Сіздің жүргізген семинарларыңызды түгел тыңдадым. Оқулық жағынан көмек көрсетсеңіз деп өтінемін. Қалай, қайдан алуға болатынын білдірсеңіз. Осыған бағыт берсеңіз, шәкірттерге үлкен көмек көрсетер едіңіз. Алдын ала ризашылығымды білдіремін.  

Серік Мырзахметұлы Сайфулин


ҚАРЫНДАСЫМ НҰРШАҒА!

Сөзінде ақыл-ойдың  бар  асылы,

Аяулы ана  тілдің  жанашыры.

Тұяғы Алжанбайдай жақсы ағамның,

Ата-ана  жанарының  қарашығы. 

Ғылымның көктей  шолған  шартарабын,

Білімге бала жастан  бар  талабың.

Ісінен тектілігің  көрініп  тұр,

Гүліндей Бөлексаз  бен  Қарқараның. 

Ұстазсың  өнегелі  білім  берген,

Шәкіртке  жүрегінің  нұрын  берген.

Бағына  Ана тілдің туған жансың,

Бөлмеген ешқашанда сырыңды  елден. 

Ұрпағы  Әлмеректей  текті  жердің,

Өмірде  жаста  болсаң  көпті  көрдің.

Өз тілін өрнектеген асылдардың

Өзіңді бір  сынығы деп  білемін.

 Бабаңнан  ұлан-ғайыр  жыр, ән  қалған,

Сарқытсың  жеткен  осынау  ұлы  арманнан.

Албаннан  да  өзіңдей қыз  туды деп,

Толқып  тұр  көңіл  шіркін  қуанғаннан.

 Халқыңа біліміңді  арнайсың  көп,

Сөз  мәнін  терең  барлап, талғайсың  бек.

Ғылымда  жұлдыз  болып  жарқырай  бер,

Артыңда  біз  жүрейік  айғайшың  боп!

 Айтуған Шәйімов, Алматы облысы, Іле ауданы, №41 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі


 

КЕШЕНДІ  ТАЛДАУДЫ  БАР ҚАЗАҚҚА  ТАНЫСТЫРУ

( «Қазақтарды  шетелдік  қонақтарға таныстыру»  өлеңінің ізімен)

 

Білім  менен  тәрбиенің тізгінін,

Қатар  ұстап келе  жатсыз  сіз  бүгін.

Тәңіріме  тәубе қылып  сөйлеймін,

Кездестірген  ғалымдардың  үздігін.

 

Өзің  ашқан  жаңалықты  құптаймын,

Сөйлемейтін  оқушыдан  құтылдым.

Тереңіне  сүңгітіп-ақ  жібердің,

Мұқағали, Абай  менен  Мұхтардың.

 

Оңға  бассын  бастау  алған  әр ісің,

Талдауыңыз бар қазаққа  дарысын.

Көкейтесті  мәселенің бастысы –

тіл дертінің  жаңа  таптық  дәрісін.

 

Әр  күндерің, әр  жылдарың, әр  айың,

Аямастан  төгіп  тұрсын  арайың.

Сөздің  асыл  маржанымен  толтырдың,

Шәкіртіңнің  жан-дүние  сарайын.

 

Талдау  осы: ертегідей  бір  аңыз,

Кейіпкерін Жүзімгүлден  сұраңыз

Талдау  осы: есті  сөзді  жинақтап,

Сөзжұмбақ  пен  ребусты да  құрамыз.

 

Талдау  осы: зат есім  мен  етістік

Уа, халайық, қашан тілсіз  жетістік?

Оқушының сөздік  қорын  молайтар

Осы  талдау-баға жетпес  жетістік.

 

Талдау  осы: сөз  құрамын  жіліктер,

Ынта болса, ұғып  алар  білікті  ер.

Ей,  бауырым, күдіктенсең  күмілжіп,

Нұрша  апайдың  сабағына  кіріп  көр.

 

Талдау  осы: өзен, көлің, әр  төбең

Талдау  осы: ұлттық рәміз.Мәртебең. 

Талдау осы: бөлшектеген дыбыстар,

Тіл  жолында  қандай  ғана тұрыс  бар 

Талдау  осы: құпиялы  тіркестер

Сезім  қылын  шертетұғын жыр  кештер.

 

Нұрша, сізде  шалқар шабыт, көрікті ой,

«Тасжүректі тіліңменен  тіліп  қой».

Уа,  халайық, ана  тілін сатылап,

Талдай  білсең, талдай  білсең,  сен  Қазақсың  біліп  қой. 


               БАР БАЙЛЫҒЫ БІЛІМ БОЛҒАН БАЙСАЛДЫ, БИЯЗЫ   НҰРША  АПАЙ!

            Бесіктен беліңіз бөленіп,болашағы бұлдыр, беймәлім бағытқа балдай былдырыңызбен бет  бұрдыңыз.Бұғанаңыз  бекіп, ботадай боздаған бейкүнә бүлдіршін-бөбек болдыңыз, балдырған болуға беттедіңіз.

            Білім баспалдағын  басып,басыңызға бантик байлап, бөрікті балалармен бірге  бір бәйбішенің баласындай бауыр бастыңыз! Бестік бағалы болуда бор-бор болып, «білім бұлағынан» басқаға бүйрегіңізді  бұрмаладыңыз.

            Бүгін беделі биік,біліктілігі болаттай берік, бастауыш, баяндауыштарды  бөлшектей  білдіретін білімдарсыз. Бозбала, бойжеткендердің болашағына  бағдар беруге  белін бекем буған  бапкерсіз.

            Біздің  бәріміздің басымызды біріктіріп, бытыратпай бірден бауырыңызға басып, бүтінді бөліп  бердіңіз. Баршамызға бұрылып, бөгеліп базыналарымызды бөлістіңіз.

Босағаңызға береке-бірлік байлансын! Беделіңіз биік белестерге  байлансын! Байлық, бақытқа белшеңізден  батыңыз!

            Балаларыңыз буы  бұрқыраған бауырсақ, бесбармағымен баптап  бақсын! Бауыржандай батыр, барыстай батыл, Бекзаттай балуан болсын! Бармақтай бақ берсін! Бақытыңыз баянды болсын.

 

            Бата беруші: Бұлбұл Испанова бастаған бұрымды-бұрымсыз, бетін  бес батпан бояумен  баттастырмайтын  білімді  бикештер.

            Бұлар: Тәжіғалиева  Зәмзәгүл

                        Есекенова Лаззат

                        Серғазиева  Тұрсынай

            


САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУДЫҢ ЖЕТІСТІГІ

 

Сәлеметсіз бе, Нұрша апай?! Сіздің «Шеберлік класыңызды» 2002 жылы оқыдым. Біраз жыл сізбен бірлесе жұмыс істеудің сәті де түскеніне әлі қуанамын. Содан бері кешенді талдаудан қол үзген жоқпын, сүйікті ісіме айналды десем артық айтпаған болар едім. Нәтижесінде талай жетістікке жеттік. 2007 жылдан Сатылай кешенді талдауды үйреніп,артынан өзімді үйретіп жүрген оқушыларым биыл 11-сыныпты бітіріп, ҰБТ-де үлкен жетістікке жетті. Қазақ тілінен 25 оқушының 24-і " 5"деген баға алды. Бұл осы талдаудың тиімділігін дәлелдей түсті деп ойлаймын. Сол оқушыларымның қатысуымен 2013-2014жылдары Алматы каласында білім жетілдіріп жүрген мұғалімдерге сабақ өткіздім. Сабаққа қатысқан мұғалімдер де, жетекшісі де дән риза болған еді. Артынан бір жинаққа шығарамыз деп аттай қалап сол сабақты атап сұраған соң қысқаша нұсқасын бергенмін. Кейіннен жинақ авторлары мені сынаққа алды. Факультатив пе, үйірме ме,қандай құжатқа сүйендіңіз, белгілі бір бағдарламаға сүйенсеңіз неше сағатқа жоспарланған деген сияқты сұрақтың астынан алды. Ал мен өзім уақыт тауып,қосымша айналысып жүрген жұмысым екенін айтып түсіндіре алмадым. 11-сыныпта жай сөйлемді талдатпайды, жас шамаларына сай емес дегенді айтты. Мен сатылай кешенді талдауды ҰБТ-ге дайындық ретінде қолданып жүргендіктен 11-cыныпта жай сөйлемге фонетика, морфология, синтаксис салаларына кешенді талдау жасатқаным орынды деген пікірден таймадым. Мүмкін, менікі дұрыс емес шығар. Бұл технологияға қатысты қандайда бір жаңалықты білмейтін шығармын.

 Айгүл Қапанова, Алматы қаласы, №104 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі


«САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

 

Мектептерде жүргізіліп жатқан қазіргі тәжірибелік-сынақ жұмыстардың басты міндеті жаңаша оқытудың педагогикалық технологиясын оқыту үрдісіне енгізу болып табылады. Ал, мұғалімнің басты міндеті – әдіс-тәсілдерді оқыту үрдісінде ұтымды пайдалану және сол арқылы оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Мұғалім қазіргі таңда қай технология болмасын ұтымды және тиімді пайдалануы шарт. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда тиімді әдістердің бірі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы (ОСКО). «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізін қалаған, оның авторы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор, педагогика ғылымдарының докторы, әдіскер-ғалым Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова. Автордың өзінен дәріс ала отырып, технологияны оқытудың 3 деңгейлі курсынан өтіп, біршама жетістіктерге қол жеткіздім. Әріптесім Қарамурзина Маржан Жалаубайқызымен бірге «6-сыныптың әдебиет оқулығына арналған әдістемелік кешен» жаздық. Ол жұмысымызды 2013 жылдың қазан айында Алматы қаласында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында қорғап жүлделі орынды иелендік. Сонымен қатар «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының Астана қаласы бойынша ПҚБАИ ғылыми-әдістемелік кеңесінде 30.12.2013 жылы аталған жұмыстарды қорғап, УДК 37.026 лицензиясын алдық. Республикамыз бойынша осы технологиямен жұмыс жасап жатқан мұғалімдерге шығармашылық табыс тілеймін. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясыменмен нұрлы білімге қарай көш бастайық! 

Искакова Гүлжазира Бекболатқызы Астана қаласы №60  мектеп мұғалімі


Copyright © Nurlybilim.kz, 2014