«САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

Бірінші деңгей
Теориялық материалдарды толық жазылым бойынша сатылай кешенді талдау.
Бұл деңгейде оқушы:
  • Сауатты жазып, оқып, айтуға дағдыланады;
  • Әр пәннен өтілген материалдарды жүйелі түрде түсініп, ғылыми тілде баяндауға машықтанады;
  • Сөйлеу мәнері белгілі жүйеге түсіп, әуезді сөйлеуге жаттығады;
  • Өзі талдап баяндап отырған материалдың ерекшелігін дұрыс ажыратып, жолдастарына, мұғалімге нанымды түрде жеткізуге бейімделеді;
  • Тыңдаушы оқушылар да назар қойып, жолдасының жауабын мұқият тыңдауға дағдыланады, кеткен кемшіліктерді дұрыс аңғарып, оған түзету енгізуге үйренеді.

Екінші деңгей
Теориялық материалдарды қысқаша жазылым бойынша талдап, айтылым бойынша толық ауызша сатылай кешенді талдау.
Бұл деңгейде сатылай кешенді талдау – айтылым -> тыңдалым -> жазылым түрінде жүзеге асады.
Тыңдалым жайлы ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның пікіріне жүгінсек:
Тыңдалымды жете меңгеру үшін қойылатын алғы шарттар:
  • 1. Тыңдауға ұсынылатын мәтінде әңгімеде, пікірде айтылатын басты ой түсінуге жеңіл болу керек.
  • 2. Үннің ырғағы мен әуені дұрыс естілуі қажет.
  • 3. Тілді жақсы үйрену үшін тыңдалым бірінші сабақтан бастап, үздіксіз жүргізілуі тиіс.
  • 4. Оқушының тілге қатысты білімі мен дайындығы ескерілген жөн.
  • 5. Тыңдалымға қатысты жұмыстардың бәрі бақылауға алынған дұрысы.

Үшінші деңгей
Теориялық материалды жазылым бойынша ықшамдау принципімен өрнектеу, айтылым бойынша ауызша толық сатылай кешенді талдау.

Бұл деңгейде де тілдік қатынастың бірінші – айтылым; екінші – жазылым; үшінші – тыңдалым әрекеттері қатар іске асады. Бұл талдау – күрделілігімен ерекшеленеді. Мұнда материал қатар алынып, әр саты бойынша ұқсас ұғымдар жинақталып, талдау арқылы дәлелдеме жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ талдаудың бұл деңгейіндегі көзделетін мақсат оқушыларды ой ұшқырлығына баулу, танымдық дүниесін байыту.


Төртінші деңгей
Теориялық материалдарды жазылым бойынша символдар арқылы өрнектеу, айтылым бойынша ауызша толық талдау.

Төртінші деңгей – оқушылардың алдыңғы игерген білім-білік, дағдыларын жинақтап, сауатты әңгіме әдісі қолданылады. Әңгіме әдісі туралы ғалым Т.А. Ильина былай дейді: “Әңгіме дегеніміз – бұл оқытудың сұрақ-жауап әдісі. Ол оқу үдерісінің барлық буындарында қолданылады.


Бесінші деңгей
Диалог арқылы талдау.
  • Бесінші деңгейдегі талдау үлгілері көбінесе ауызша орындалады. Бұл талдау арқылы аңғарымпаздыққа, әріптесінің жауабын мұқият тыңдауға, ойын әрі қарай жалғастырып кетуге машықтанады. Сонымен қатар мұндағы іс-әрекет көбіне ойын түрінде жүргізіледі.
  • Ұлы педагог В.А. Сухомлинский: “Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды” дейді. Демек, оқушының ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Адамның жан-дүниесінің дамып жетілуі, әлеуметтік өмірге бейімделіп тіршілік етуі әртүрлі. Баланың психикалық даму үрдісінде ойын әрекетінің тағылымдық және тәрбиелік маңызы осы заманғы тәлім-тәрбиелік психологиясында өзекті мәселе болып саналады. Ойын әрекетінде баланың денесі мен ақыл-ойы дамып, өзін қоршаған ортаны тани біледі.

Алтыншы деңгей
Жат жазу.
Оқушылардың сатылай кешенді талдау арқылы меңгерген теориялық білімдерін жатқа жаздыру арқылы:
  • а) теориялық білімді меңгеру деңгейін;
  • ә) талдауды сауатты жүргізу машығын;
  • б) орфографиялық сауаттылығын;
  • в) тыныс белгілерді дұрыс қою дағдысын байқаймыз, қорытынды шығарамыз, келесі сабақтарда қатемен жұмыс жасалады.

Осы арқылы мұғалім әр оқушының теориялық материалдарды қаншалықты сауатты меңгергендігін анықтайды. Ең бастысы, келесі жетінші деңгейге берік негіз қаланады. Өйткені уақытқа талдаудың негізгі қағидаларының бірі – сауатты талдау. Тәжірибе барысында уақытқа талдаудың төмендегідей жүйесі анықталды.


Жетінші деңгей
Уақытқа талдау:
  • а) Өте жылдам – 3 минутта
  • ә) Жылдам – 5 минутта
  • б) Баяу – 7минутта
Тілдесім арқылы талдауды меңгерген оқушылар уақытқа талдауға тез икемделеді. Уақытқа талдау барысында оқушылар мына талаптарды қатаң сақтауы тиіс:
  • 1. Талдаудың барлық түрі сауатты жүргізілуі керек.
  • 2. Талдау жылдамдығымен қатар, әр сөздің анық, айқын айтылуы басты шарт.
  • 3. Талдауды оқушылар түсініп, айтылған пікірдің дұрыс-бұрыстығын өзі аңғарып отыруы керек.
  • 4. Талдауды тыңдаушы оқушылар да белсенді, мұқият тыңдап, әріптестерінің жіберген қателіктерін бақылап отыруы қажет.

Сегізінші деңгей
Компьютерлік талдау.
Қазіргі ақпараттық қоғам барлық типті оқу орындарының, оның ішінде жалпы орта білім беретін мектептер алдына мынадай міндеттер қояды:
  • қажетті білімді өз бетінше ала отырып, туындаған алуан түрлі мәселелерді шешу үшін оларды тәжірибеде біліктілікпен пайдалануға, жылдам өзгеріп отырған өмір жағдайларына оңай бейімделуге;
  • дербес сыни тұрғыда ойлай білуге, пайда болған мәселелерді көре білуге және жаңа технологияларды пайдалана отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын табуға, өзінің алған білімдерін қоршаған ортада қай жерде, қалай пайдалануға болатынын саналы түрде түсіне білуге;
  • ақпараттармен сауатты жұмыс жасай білуге (ақпараттарды іздеу, өңдеу, ой елегінен өткізу, қолдану, сақтау және тарату);
  • әртүрлі әлеуметтік топтарда коммуникабельді, тез тіл табыса алатындай болуға, кез келген жанжалды жағдайларды болдырмауға немесе мұндай жағдайлардан шыға білуге;
  • өз адамгершілік қасиеттерін, интеллектісін, мәдени деңгейін дамыту бойынша өз бетінше жұмыс жасауға қабілетті бітірушілерді дайындау. Бұл міндеттерді «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен білім алған оқушылар мүлтіксіз орындайды.

Тоғызыншы деңгей
Ашық тест.

Ашық тест. Бақылаудың бірнеше түрі бар. Солардың бірі – тест. Тест – оқушылардың білімін бақылау мен бағалаудың тиімді әдісі. Тест – белгілі бір деңгейдегі әрекетті орындауға арналған тапсырмалар жүйесі. Тест жұмысы – оқушылардың игерген білімін тексеру мен бағалау, танымдық әрекетін, ізденімпаздық деңгейін, оқу әрекетіндегі әдістер мен тәсілдердің тиімділігін анықтаудың тиімді жолы ретінде қарастырылады. Бұл – оқушының білімін, біліктері мен дағдыларын тексеріп, бағалауда, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін анықтаудағы ең тиімді әдіс. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясында көбіне ашық тест үлгісі қолданылады. Себебі бұл тестің ерекшелігі жауабы жазбаша беріледі.


Оныншы деңгей
Шығармашылық жұмыс

Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығын өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да, ал өзін-өзі шынайы болмысында бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін-өзі жетілдіруге, сонымен қатар өзін-өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Осы деңгейге дейінгі алған білімдерін басшылыққа ала отырып әр пәннің мазмұнына сәйкес түрлі шығармашылық жұмыстар жасауға бейімделеді.