«САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ КЕПІЛІ

    Еліміздің көптеген мектептерінде біраз жылдан бері бірінші сыныптан бастап негізгі пәндер мен қатар таңдау  пәндері «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын басшылыққа алып оқытылып келеді. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы дегеніміз – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді оқыту – оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, әр пәннің ғылыми мазмұны мен жүйесін, талдап үйретумен қатар ойын дұрыс жеткізуге, әдеби тілде сөйлеп үйренуге, ана тілінің  байлығын  бағалай білуге баулитын ұлттық төл технология. Ұлттық төл технология дейтін себебіміз: қазақ тілін оқытудан бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын т.б. пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде, өз жерінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту. Төл технологияны жасауға өзге елдің озық ой-пікірлерімен қатар алаш арыстарының психология-педагогика, әдістеме саласындағы құнды ғылыми тұжырымдарымен қатар қазақ халқының көрнекті ғалымдарының оқыту, тәрбие туралы жасаған ғылыми еңбектері мен әдістемелік кешендері негіз етіп алынды.

«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны меңгертумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жалпы жан-жақты дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған, қазақ тілінде ойлайтын, өз тілінде дітін орындата алатын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік-мәдени тұлға қалыптастыратын оқытудың түрі. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының басты қағидаларының  бірі – жоғары қиындықта оқыту.

Бұл жүйеге бүгінгі таңда оқушыларымыздың да, мұғалімдеріміздің де қызығушылығы жоғары. Өйткені бұл технологияның әр пәнді оқытудағы алдына қойған мақсаты айқын. Сол арқылы оқушының өз бетінше ойлау, пікірін жасқанбай айта білу, жинақтаған әдеби білім қорын орынды қолдана алуға дағдыландырады, танымдық болмысын қалыптастырады. Оқушылар бірте-бірте шығармашылық ізденіс деңгейіне жетеді. Сонымен қатар бұл технология мұғалімдер қауымының өзара әріптестікте жұмыс жасап, тәжірибе алмасуына да тигізер мүмкіндігі мол екендігіне көз жеткіздік.

Жоғарыда айтқанымыздай республикамыздың көптеген мектептерінде таңдау пәндерін мұғалімдеріміз осы технологиямен оқытып келеді. Әр мұғалім өзінің қабілетіне, қолындағы материалдарына қарай бағдарламалар жасап, түрлі аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, білім басқармаларының қолдауымен тәжірибелеріне енгізіп келеді.

 Атап айтар болсақ, 2013-2014 оқу жылынан бастап, Астана қаласы Білім басқармасының 13.09.2013жылғы №478 бұйрық негізінде Астана қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектеп, №4 мектеп-гиназия, №66 мектеп-лицейі және №71 «Мөлдір» балабақшасының мектеп алды даярлық тобы, ал 2014-2015 оқу жылынан бастап №74 мектеп-гимназия «Сатылай кешкенді оқыту» технологиясының тәжірибе алаңы болып бекітілді.